BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ТОҚАЕВ АЛАТАУ ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласының даму барысымен танысудан басталды. Мемлекет басшысына шаһарды кезең-кезеңімен өркендету бағытындағы жұмыстар жөнінде мәлімет берілді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Қазіргі таңда аумағы 88 мың гектарды құрайтын Алатау қаласы төрт арнайы ауданға бөлінген. Қаланы дамыту жоспары 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Осыған байланысты басым бағыттар айқындалып, экономикалық өсімге негіз болатын жобалар нақтылануда. Сонымен қатар магистральды инфрақұрылымды дамытуға арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Қаланы басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыратын Конституциялық заң да қабылданған.

Бүгінде Gate City тұрғын ауданында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бір білім ошағы салынған. Сондай-ақ қала аумағында Maraven Food, KNAUF, Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты сияқты ірі өндіріс орындары жұмыс істеп тұр.

Алатауға инвестиция тарту бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Жалпы құны екі триллион теңгеден асатын 53 жобадан тұратын инвестициялық қоржын жасақталған. Соның аясында PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы ең ірі картоп өңдеу зауытын салып жатыр. Ал Mars Petcare үй жануарларына арналған жем өндіретін заманауи өндіріс орнын іске қоспақ.

Бұдан бөлек, KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек пен медициналық жабдық шығаруға маманданған. Ал «Исткомтранс» пен G-Trans компаниялары логистикалық кластер құру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сапар барысында Президентке Алатауда жүзеге асырылатын Iconic Complex жобасы таныстырылды. Бұл көпфункционалды заманауи кешендердің бірі саналады. Болашақта қаланың негізгі нысандары Gate District ауданында шоғырланатын болады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *