BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ТОҚАЕВ: ӘДІЛДІК ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жолдап, ел тарихындағы қасіретті кезең құрбандарының рухына тағзым етудің маңызын атап өтті, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Президент өз сөзінде жыл сайын бұл күні өткен ғасырдың алғашқы жартысында жазықсыз жапа шеккен азаматтарды еске алу дәстүрі қалыптасқанын айтып, олардың рухына құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы екенін жеткізді. Сонымен бірге ол заңдылық пен әділдік қағидаттарына адал болу қоғамның басты құндылықтарының бірі екенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл ұстаным Конституциялық деңгейде бекітіліп, елдің жаңа даму бағытына негіз болған. Президент қоғамның озық ойлы мемлекет құру жолына бет бұрғанын атап өтіп, бұл бағытта әділдік, заңдылық, отаншылдық, еңбекқорлық пен табиғатқа жанашырлық сияқты құндылықтардың маңызы арта түсетінін жеткізді. Сондай-ақ ғылым, жоғары технология, мәдениет және еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда әлем елдері Қазақстанды түрлі салада алға жылжып келе жатқан мемлекет ретінде бағалайтынын атап өтті. Дегенмен, бұдан да биік белестерді бағындыру үшін қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайту қажеттігін еске салды.

Үндеу соңында Президент Қазақстанның болашағына сенім білдіріп, елдің даму жолы жарқын болатынына кәміл сенетінін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *