ПРЕЗИДЕНТ ГОНКОНГ БАСШЫСЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен кездесті. Президент мәртебелі мейманның Қазақстанға алғаш рет арнайы сапармен келуі екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан маңызды қадам екенін атап өтті, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік аясындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл сапар Қазақстан мен Гонконг арасындағы ынтымақтастыққа да жаңа серпін береді.
Президент Гонконгтың халықаралық қаржы және бизнес орталығы ретінде әлемдік экономикада айрықша орын алатынын атап өтті. Сондай-ақ инвестиция, қаржы, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстанға ірі бизнес-делегациямен келгені үшін Джон Лиге алғыс айтып, мұны Гонконг кәсіпкерлерінің елімізбен әріптестікті нығайтуға деген қызығушылығының айқын көрінісі деп бағалады.
Өз кезегінде Джон Ли көрсетілген құрмет пен қонақжайлық үшін ризашылығын білдіріп, Гонконгтың Қазақстанмен жан-жақты байланысты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін айтты.
Оның айтуынша, бұл сапарға өзі бастап келген делегация шетелге шыққан ең ауқымды құрамдардың бірі болған. Делегация құрамына логистика, жасыл энергетика, тау-кен өнеркәсібі, инновация, технология және білім беру салаларында жұмыс істейтін 75 ресми өкіл мен кәсіпкер енген.
Гонконг басшысы Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда жариялаған «Бір белдеу, бір жол» бастамасы екі ел арасындағы достық пен өзара сенімнің нақты көрінісіне айналғанын айтты. Оның пікірінше, Гонконг аталған жобаны ілгерілетуге белсенді қатысып келеді және өңіраралық байланыстың кеңеюі қала экономикасына қосымша мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джон Ли сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін растады.

