BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІН ТЕКСЕРУ БОЙЫНША 13 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйін кешенді тексеру жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізіп, алғашқы нәтижелерін тыңдады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады. Жиында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды көрсеткені айтылды. Алдын ала тергеу әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және тиісті бақылау болмағанын көрсетті.

Тексерістің бірінші кезеңі бойынша қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғаған.

Маңғыстаудағы оқиғаны зерттеу барысында оқу-жаттығуларды дайындау мен жоспарлау, тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде бірқатар кемшілік анықталған.

Қолбасшылық құрамның салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға қамауға алынған. Тергеу аяқталғаннан кейін олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарындағы кемшіліктер, әлімжеттік және жарғыға қайшы әрекет ету фактілері анықталған. Осыған байланысты қылмыстық істер қозғалған.

Мемлекет басшысы анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Тексеру қорытындылары Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуге тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрпатты, қазіргі заманғы сын-қатерлерге тиімді жауап бере алатын армия қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар тексеріс объективті жүргізіліп, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеуі керектігін айтты.

Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *