BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ШЕТЕЛДІК АГРОТЕХНИКА ӨНДІРУШІЛЕРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының машина жасау саласын дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмалары аясында Еуропа, Канада және АҚШ-тың жетекші ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші компанияларының басшыларымен кездесу өткізді. Жиында өндірістік кооперацияны кеңейту, локализацияны тереңдету және аграрлық секторға заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Үкімет басшысы Қазақстандағы аграрлық саланың қарқыны ауыл шаруашылығы техникасына деген сұранысты тұрақты түрде арттырып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, еліміз 24 млн гектар егіс алқабымен әлемде алтыншы орында тұр. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімі 9 трлн теңгеден асып, егін жинау 26 млн тоннаға, майлы дақылдар 5 млн тоннаға жеткен.

Олжас Бектенов техниканы жаңарту мен қолжетімділікті арттыру саланың негізгі бағыты екенін айтып, шетелдік өндірушілермен серіктестік ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді. Үкімет өндірісті толық циклге дейін локализациялауға және жаңа жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

Қазіргі таңда елде 130 мың трактор, 30 мың комбайн және 200 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы қолданылып отыр. Техниканы жаңарту деңгейі 6,5%-ды құраса, оны жылына 10%-ға жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан субсидия, жеңілдетілген несие және лизинг сияқты қолдау тетіктері іске асырылып келеді.

Кездесу барысында шетелдік компаниялар Қазақстандағы өндірісті кеңейтуге, технология трансферіне және сервистік инфрақұрылымды дамытуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ Қостанайдағы өндірістік алаңда бірнеше ірі компаниямен ауыл шаруашылығы техникасын локализациялау туралы көпжақты келісімдерге қол қойылды.

Сала өкілдері Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды өндірістік және инвестициялық алаң ретінде бағалап, бірлескен жобаларды одан әрі кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *