ЕЛІМІЗДЕ ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ 10%-ҒА АЗАЙҒАН
Қазақстанда жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдардағы жол-көлік оқиғалары 10%-ға азайған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қаза болғандар саны 14%-ға, зардап шеккендер 11%-ға төмендеген, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы жол апаттарының негізгі себептерінің бірі екен.
– Жол апатының негізгі факторларының 35%-ы – жылдамдықты асыру, 12%-ы – арақашықтықты сақтамау, 11%-ы – көлікті басқара алмау, 8%-ы – қарсы жолға шығу, – деді Нұрлан Сауранбаев.
Министрліктің мәліметінше, қазір орташа жылдамдықты бақылау жобасы 2,8 мың шақырым ақылы жолда жұмыс істеп тұр. Осы учаскелерде жол апаты 10%-ға азайған. Жобаны республикалық және жергілікті жолдардың барлығына енгізу жұмыстары басталған.
Сонымен қатар техникалық байқау орталықтарына қойылатын талап күшейтілген. Енді мұндай орталықтар жұмысын бастау үшін арнайы рұқсат алуы керек. Айыппұл көлемі 30-дан 100 АЕК-ке дейін артқан. Ал техникалық байқауды тек қағаз жүзінде өткізген орталықтардың жұмысы үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.
Жолаушылар тасымалы саласында да бақылау күшейтілмек. Министрлік Ішкі істер министрлігімен және такси агрегаторларымен бірлесіп, рөлі оң жақта орналасқан 70 мыңға жуық көлікті тасымал қызметінен шығарған.
Жол инфрақұрылымын қауіпсіз ету үшін республикалық жолдардың 11 мың шақырымнан астамы I және II техникалық санатқа ауыстырылған. Сонымен қатар қарсы бағыттағы көлік ағындарын бөлу үшін 1,5 мың шақырым жолда қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

