ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САММИТ АЯСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстан мен Ресей Үкіметаралық комиссиясының тең төрағалары – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук екіжақты кездесу өткізді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Серік Жұманғарин Ресейдің Қазақстан үшін маңызды стратегиялық және ірі сауда-экономикалық серіктестердің бірі екенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 27,4 млрд долларды құраған. Сонымен қатар инвестициялық байланыстар да тұрақты дамып келеді: соңғы 20 жылда Ресей Қазақстан экономикасына 28,5 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция салған, ал Қазақстан тарапынан Ресейге 9 млрд доллар инвестиция бағытталған.
Бүгінде Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 22 мыңнан астам компания жұмыс істеп жатыр. Бұл көрсеткіш шетелдік инвестициясы бар кәсіпорындардың үштен бірінен астамын құрайды.
Кездесуде тараптар кең ауқымды ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағытын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Ертіс өзенін бірлесіп пайдалану және су шаруашылығы саласындағы ғылыми-техникалық жобалар да сөз болды. Қазіргі уақытта екі елдің тиісті ведомстволары арасында техникалық құжаттар пысықталуда.
Ауыл шаруашылығы саласында қазақстандық тарап бірқатар шектеулерді алып тастау мәселесін көтерді. Әңгіме қазақстандық астық пен бұршақ дақылдарын Ресей порттары арқылы транзиттеу, сондай-ақ кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелуге қатысты талаптарды жеңілдету туралы болып отыр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, бұл мәселе 2024 жылдан бері талқыланып келеді. Осы уақыт ішінде бірқатар өнімдер бойынша шектеулер алынғанымен, кей санаттар әлі де бақылауда қалып отыр. Ол соңғы кезеңде санитарлық және фитосанитарлық талаптардың бұзылуы тіркелмегенін атап өтіп, қалған шектеулерді қайта қарауды ұсынды.
Кездесу соңында тараптар көтерілген мәселелер бойынша жұмысты жалғастырып, өзара тиімді шешімдер әзірлеуге дайын екендерін растады.

