BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ҚАЗАҚСТАН 4 ЖЫЛДА 5 МЫҢ ШАҚЫРЫМ ЖАҢА ТЕМІРЖОЛ САЛМАҚ

Астанада Теміржол ынтымақтастығы ұйымының 70 жылдығына арналған бас директорлар конференциясының 40-отырысы өтіп, оған Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Ауқымды жиынға 30-дан астам елден 300-ге жуық теміржол саласының басшылары мен сарапшылары жиналды. Ұйымға мүше елдердегі теміржол желісінің жалпы ұзындығы 320 мың шақырымнан асады. Бұл бағыттар арқылы жыл сайын миллиардтаған жолаушы мен жүк тасымалданады.

Кездесу барысында халықаралық теміржол тасымалын дамыту жолдары, инфрақұрылымды жаңарту, жүк көлемін арттыру, цифрлық технологияларға көшу және кадр дайындау мәселелері кеңінен талқыланды. Үкімет басшысы теміржол саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, мұндай алаңдар мемлекеттер арасындағы әріптестікті нығайтуға серпін беретінін жеткізді.

Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстанның көлік-логистика саласын дамытуға соңғы жылдары айрықша мән беріліп келе жатқанын айтты. Оның мәліметінше, соңғы 15 жылда бұл салаға шамамен 35 млрд доллар инвестиция тартылып, 2,5 мың шақырымнан астам жаңа магистраль салынған. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі арқылы өтетін құрлықтағы транзиттің басым бөлігі Қазақстан аумағымен жүреді.

Премьер-министр алдағы жоспарларға да тоқталып, жақын төрт жыл ішінде елде тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол салу көзделіп отырғанын мәлімдеді. Негізгі мақсат — 2035 жылға қарай транзиттік жүк көлемін жылына 100 млн тоннаға жеткізу.

Басты бағыттардың бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Осы жоба аясында Ақтау мен Құрық порттарында контейнерлік хабтарды кеңейту қолға алынған. Жоспар бойынша, 2029 жылға дейін тасымал көлемі бірнеше есеге артып, жүк жеткізу уақыты айтарлықтай қысқармақ.

Сонымен қатар «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту арқылы Парсы шығанағы мен Үндістан нарығына шығу мүмкіндігі кеңейіп келеді.

Үкімет басшысы цифрландыру бағыты да басты назарда екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір енгізіліп жатқан TezCustoms платформасы Қытаймен шекарадағы рәсімдеу уақытын бірнеше сағаттан небәрі жарты сағатқа дейін қысқартқан. Ал бұл тәжірибені өзге бағыттарда да қолдану жоспарланып отыр.

Жиын соңында қатысушылар теміржол саласында заманауи технологияларды енгізіп, өткізу қабілетін арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге шақырылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *