МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БҰҰ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның жоғары деңгейлі делегациясымен кездесіп, өңірлік және жаһандық экологиялық мәселелерді шешу жолдарын талқылады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында климаттың өзгеруі, су тапшылығы және қоршаған ортаның нашарлауы сияқты өзекті сын-қатерлерге қарсы халықаралық деңгейде бірлескен іс-қимылдың маңызы атап өтілді. Президент қазіргі геосаяси ахуал жағдайында көпжақты дипломатияның рөлі күшейе түскенін айтып, БҰҰ аясындағы ынтымақтастықтың шешуші мәнге ие екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының «UN80» бастамасын қолдайтынын және Ұйымның жаһандық мәселелерді шешудегі баламасыз халықаралық платформа екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы да ақпарат берілді.
БҰҰ өкілдері Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын оң бағалап, Қазақстан көтерген бастамалардың халықаралық пікірталасқа серпін бергенін айтты. Олар өз ұйымдарының климат, су қауіпсіздігі және апаттардың алдын алу бағыттарындағы жобалары жөнінде де мәлімет берді.
Кездесу соңында Қазақстанның БҰҰ құрылымдарымен, соның ішінде орнықты даму және өңірлік ынтымақтастық бағыттарындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екені айтылды.

