ТОҚАЕВ ПЕН РАХМОН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға өңірлік экологиялық саммит пен Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше елдер кеңесінің отырысына қатысу үшін келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды қабылдады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында тараптар қазақ-тәжік байланысының қазіргі ахуалын саралап, алдағы бағыттарын пысықтады. Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниет білдірілді.
Әңгіме өзегінде сауда-экономикалық қатынастар мен су-энергетика саласындағы ықпалдастық кеңінен қозғалды. Президенттер бұған дейін жоғары деңгейде жасалған келісімдерді толық әрі жүйелі жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ қос тарап өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасып, ортақ ұстанымдарын білдірді.

