BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ҚАЗАҚСТАН МЕН МОҢҒОЛИЯ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ КЕҢЕЙТІЛГЕН ҚҰРАМДА КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген форматта келіссөз өткізді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көпқырлы ынтымақтастықтың достық пен өзара қолдау негізінде дамып келе жатқанына ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысы Моңғолия Президентіне мемлекеттік сапармен келіп, сондай-ақ Аймақтық экологиялық саммитке қатысуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қазанда Моңғолияға жасаған сапарын еске алып, сол кезде бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін және екі ел арасындағы байланыстардың стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс тұрақты түрде нығайып келеді. Тауар айналымы жыл сайын өсіп отыр. Сондай-ақ өнеркәсіп саласында бірқатар нақты жобаларды іске асыру жоспарланған. Астанада өткен Қазақ-моңғол бизнес-форумы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі екені айтылды.

Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух бұл сапар екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді. Ол Қазақстанды Моңғолияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесі деп атады.

Моңғолия Президенті сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі жылда екі ел бірқатар ортақ жобаларды жүзеге асырып, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерген. Сонымен бірге 2024 жылғы сапар барысында 2025–2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойылған. Ендігі мақсат – өзара сауда көлемін 500 миллион долларға жеткізу.

Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, цифрландыру, тау-кен, туризм, көлік-логистика және өңіраралық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру, Астана – Ұлан-Батыр және Өскемен – Өлгей бағыттарында әуе рейстерін қайта ашу, сондай-ақ екі ел арасында автокөлік жолын салу мүмкіндігін қарастыру үшін арнайы жұмыс тобын құру қажеттігі айтылды.

Қазақстан Президенті Баян-Өлгей аймағында консулдық ашуға көрсетілген қолдау үшін Моңғолия тарапына алғыс білдірді.

Кездесу барысында білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі де талқыланды.

Келіссөз қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, сыртқы істер, қаржы, энергетика, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ғылым, мәдениет, медиа және квазимемлекеттік сектор салаларын қамтитын 13 меморандум мен өзара түсіністік туралы келісімдер бекітілді.

Құжаттар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *