BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

АСТАНАДА ҚАЛДЫҚТАН ЭЛЕКТР ӨНДІРЕТІН ЭКОПАРК САЛЫНАДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов Астанаға келген қытайлық Shenzhen Energy Environment Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ван Ганмен кездесіп, қалдықтарды кәдеге жарату және экологиялық стандарттарды енгізу мәселесін талқылады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесу барысында тараптар еліміздің Конституциясында бекітілген қоршаған ортаны қорғау талаптары мен Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимылға тоқталды. Экология саласындағы бірлескен жобаларды ілгерілету негізгі тақырыптардың бірі болды.

Осы күні елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, одан электр энергиясын өндіретін «Астана энергиясы» экопаркі жобасының алғашқы кезеңі басталды. Жобаға 180 миллион доллар инвестиция тартылған. Бірінші кезеңде кәсіпорын тәулігіне 1,5 мың тоннадан астам қалдықты өңдеп, 50 МВт электр қуатын өндіруге қауқарлы болады. Жоба аясында қалдықтарды тазартудың көпсатылы заманауи жүйесі енгізілмек. Осы мақсатта «East hope» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Нысанды 2029 жылдың маусымында іске қосу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы бұл бастаманың стратегиялық мәніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімді диалог бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыруға жол ашып отыр. Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілмек. Сонымен қатар Энергетика министрлігі мен жергілікті әкімдікке осындай тәжірибені өңірлерге тарату мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Өз кезегінде Ван Ган компания жобаның екінші кезеңін де жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Бұл болашақта полигондарда жиналған қалдықтарды толық жоюға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде компания Қытай аумағында тәулігіне 79 мың тонна қалдық өңдейтін 57 кәсіпорынды басқарып отыр. Ал Шэньчжэнь қаласында тұрмыстық қалдықтардың 90 пайызы сұрыпталып, қайта өңделеді.

Қытайлық инвестор Қазақстандағы жобаны сапалы жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бастама екі ел арасындағы нақты экономикалық ынтымақтастықтың айқын үлгісіне айналмақ.

Кездесу барысында көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарын жаңғырту, газ стансаларын дамыту және өндірісті жергіліктендіру мәселелері де сөз болды.

Тараптар жобаны белгіленген мерзімде аяқтап, алдағы уақытта экология және энергетика бағытындағы әріптестікті одан әрі күшейтуге ниетті екенін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *