Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!
BASTY BETBILİKBİLİMJAŃALYQTAR

ЕСЕТ БАЙКЕН ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр Ұлытау облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысып, өңірдің жаңа әкімін таныстырды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Жиында Мемлекет басшысының Ұлытау облысының әкімі қызметіне екі үміткерді – Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевты ұсынған хаты оқылды.

Ашық дауыс беруге 64 депутат қатысып, олардың 87 пайызы Есет Байкеннің кандидатурасын қолдады. Осыған сәйкес Президенттің Жарлығымен Есет Байкен Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалды.

Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа әкімді өңір активіне таныстырып, сөз барысында жаңа Конституцияның күшіне енуі ел дамуындағы маңызды кезеңнің басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында экономиканы жаңа даму үлгісіне көшіру міндетін қойған. Бұл барлық деңгейде жұмысты заман талабына сай ұйымдастыруды қажет етеді.

Сондай-ақ Премьер-министр өңір басшылығының алдына қойылған негізгі міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнесті дамыту үшін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Бұдан бөлек, Қарағанды – Жезқазған автожолының құрылысын жеделдету, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі айтылды. Сонымен бірге Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдаланып, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және өңірдің туристік әлеуетін арттыру міндеті жүктелді.

Өңір активімен кездесуде Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Әділетті әрі Озық Қазақстан құру бағыты халықтың өмір сапасын жақсартатын нақты нәтижелермен жүзеге асуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, қойылған міндеттердің сапалы орындалуы Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *