BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҮКІМЕТТЕ НЕГІЗГІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЕМЕС ТАУАРЛАР БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалық етуімен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңес өтіп, негізгі азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағасына қатысты ахуал талқыланды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кеңес барысында қараша айында қазанмен салыстырғанда азық-түлік емес тауарлар бағасының өсімі 0,9%-ға дейін баяулағаны, ал азық-түлік өнімдері бағасының өткен ай деңгейінде, яғни 1% көлемінде сақталғаны айтылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға индексі соңғы төрт аптада өзгеріссіз қалған.

Жиында Серік Жұманғарин жылыжай көкөністеріне, әсіресе қияр мен қызанаққа маусымдық қымбаттаудың әсерін ескере отырып, шекарадағы өткізу бекеттерінде Түрікменстаннан жеткізілетін көкөністер үшін жедел түрде «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тапсырды. Бұл шара жылыжай өндірісі жеткіліксіз өңірлерді қолжетімді бағамен көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа жыл мерекелері қарсаңында, 22–31 желтоқсан аралығында, ел аумағындағы супермаркеттерде «Bereke fest» акциясын өткізу жоспарланып отыр. Акция аясында фермерлерден тікелей жеткізілетін әлеуметтік маңызы бар тауарлар төмендетілген бағамен сатылатын болады. Сонымен қатар желтоқсан айында еліміздің барлық өңірінде 800-ден астам ауыл шаруашылығы және жаңа жылдық жәрмеңке өткізу көзделген. Өткен аптада ғана 149 жәрмеңке ұйымдастырылған. Сауда комитетіне шалғай аудандарға, оның ішінде Маңғыстау және Ұлытау облыстарына тауар жеткізуге қолдау көрсету тапсырылды.

Кеңес барысында Ұлытау облысындағы күрделі логистикалық жағдай мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қойма орындарының тапшылығы да назарға алынды. Осыған байланысты өңірде логистикалық орталық құру міндеті қойылды. Аталған орталық азық-түлік қорының қажетті көлемін сақтауға, логистикалық шығындарды азайтуға және өңірлік тарату хабын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетіктеріне қатысты қолданыстағы ережелерге енгізілетін толықтырулар туралы баяндады. Өзгерістер онлайн мониторинг жүйесін енгізуді көздейді.

Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» АҚ Қызылорда қаласында аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын қоймада пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Келесі жылы барлық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қоймалары осындай жүйелермен жабдықталып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорының бар-жоғы, сақтау жағдайы мен сапасын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік бермек. Аталған өзгерістердің жақын арада күшіне енуі күтілуде.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *