BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ДАМЫТУ ҮШІН ЦИФРЛЫҚ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында Президент белгілеген негізгі тоғыз бағыт қаралды,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, primeminister.kz сайтына сілтеп.

Атап айтқанда, ЖИ-ді экономиканың нақты секторына, мемлекеттік басқару мен денсаулық сақтау салаларына енгізу, Жасанды интеллект және цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеу, мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, QazTech ұлттық платформасын жаңғырту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, отандық IT-стартаптарды қолдау және Smart City жобаларын дамыту мәселелері талқыланды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ЖИ-ді енгізудің негізгі бағыттары туралы баяндама жасап, «Самұрық-Қазына» қорымен бірге өндірістік процестерге ЖИ енгізу жөніндегі жол картасын әзірлеу басталғанын хабарлады. Денсаулық сақтау саласында жаңа технологиялар диагноз қоюды, ем тағайындауды және науқастарды қадағалауды жеңілдетпек.

Мемлекеттік қызметтерде Aitu ұлттық мессенджерін пайдалану жоспарланып отыр. Бұл азаматтарға қызметтерді бір ғана батырма арқылы алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және IT-архитектураны үйлестіру шаралары күшейтіледі.

Олжас Бектенов ЖИ технологияларын енгізу бойынша құқықтық негіздерді жетілдіру, деректердің бірізділігін қамтамасыз ету, суперкомпьютер ресурстарын бөлу және QazTech платформасына толық көшу сияқты міндеттердің биылғы желтоқсанға дейін орындалуы тиіс екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы тапсырмаларын үйлестіру және орындалуын бақылау үшін Премьер-министрдің өкімімен цифрлық трансформация жөніндегі топ – цифрлық штаб құрылды. Оған Премьер-министрдің өзі төрағалық етеді. Штаб құрамына Үкімет Аппаратының басшысы, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, цифрлық даму министрі және Президенттің цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі енді.

Цифрлық штабтың жедел шешімдері жасанды интеллектіні барлық салаға тез әрі тиімді енгізуге мүмкіндік береді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *