ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚУАТТЫЛЫҒЫ 1 ГВТ БОЛАТЫН ІРІ ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНАДЫ
Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобаны іске асыру алаңына айналмақ. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Біріккен Араб Әмірліктерінің жетекші инвесторларының бірі — Masdar компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөз барысында тараптар қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі ауқымды жобаны талқылады. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрайды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметтері арасында стратегиялық әріптестік негізінде заңды түрде бекітілген келісім жобаның маңыздылығын айқындай түседі.
Станция құрылысына дайындық аясында геологиялық және әлеуметтік-экологиялық зерттеулер басталып кеткен. Бұл шаралар жобаның тұрақты және тиімді жүзеге асуына негіз болады.
Masdar компаниясының бизнес және жобаларды дамыту жөніндегі директоры Абдулла Зайедтің айтуынша, жел энергетикасы жобасы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, оңтүстік өңірлерді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Біз жергілікті қамтуға ерекше көңіл бөлеміз. Жобаға қазақстандық мамандар тартылады. Сонымен қатар компания аймақ халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамаларды қолдауға дайын», – деді Абдулла Зайед.
Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл өңірінің жел энергетикасын дамытуда зор әлеуетке ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлік экономикаға серпін береді.
Кездесу соңында тараптар жел электр станциясын бірлесіп жүзеге асыру жөнінде келісімге келді.