БАТЫР РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Биыл Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толып отыр. Осыған орай Жамбыл жұртшылығы даңқты қолбасшының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Туған жері — Жуалы ауданы мен Тараз қаласында батырға арналған мемориалды тақталар ашылды,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Бауыржан Момышұлы 316-атқыштар дивизиясы құрамында Мәскеу түбіндегі шайқастарда ерлік көрсеткен. Ұрыс даласында әскери шеберлігімен, тактикалық тапқырлығымен ерекшеленіп, қаһармандық даңқы аңызға айналды. Кеңес Одағы кезінде көптеген марапаттарға ие болғанымен, “Кеңес Одағының Батыры” атағы оған тек 1990 жылы, өмірден өткен соң берілді.
Халық қаһарманын еске алу шарасына батырдың келіні — Зейнеп Ахметова қатысып, естелік әңгімелерімен бөлісті:
“Марқұм ата баяғыда: ‘Қайда барсаң да алдыңнан шығамын. Өйткені мен өлген соң да тірілердің ішінде жүремін’, — дейтін. Ол кезде жастық па, бұл сөздің мәнін толық түсінбеппіз. Қазір қарасам, Қазақстанның қай түкпіріне барсам да, ата расында да алдымыздан шығады. Атаның атында мектептер, аттас азаматтар бар”, — деді Зейнеп Ахметова.
Еске алу рәсімі әрі қарай Жуалы аудандық және Жамбыл облыстық прокуратурасының алдында Бауыржан Момышұлына арналған мемориалды тақтаның ашылуымен жалғасты.