ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ИНВЕСТОРЛАРМЕН БІРҚАТАР ІСКЕРЛІК КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қытай Халық Республикасының Шаньдун провинциясындағы жұмыс сапарымен жүр. Кеше аймақ басшысы бизнес-форум аясында әлеуетті инвесторлармен жеті кездесу өткізді. Шетелдік компаниялар өңіріміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында қабылданып жатқан шаралар мен инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктерге үлкен қызығушылық танытып отыр.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы техникасын шығару, астықты қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, мал азығын өндіру, қайта өңдеумен айналысатын және электр энергетикалық нысандар құрылысы мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы компаниялармен бірге ынтымақтастық мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ, кездесулер барысында су үнемдеу жүйелерін енгізу және сусорғы құрылғыларын шығару мәселелері жан-жақты сараланды. Айта кетейік, қытайлық «GUOFENG» компаниясы жақын арада Байзақ ауданында тракторлар құрастыру ісін қолға алмақ. Ал, жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуда тәжірибесі мол «Zaozhuang Zeneng Electric Power Engineering Go., Ltd» компаниясының өкілдері бұған дейін өңірімізге келген десек, қазіргі таңда олар инвестиция салуға дайын екендіктерін жеткізді.