BASTY BETJAŃALYQTAR

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: БІЗ ОЗЫҚ ОЙЛЫ ҰЛТ РЕТІНДЕ ТЕК ҚАНА АЛҒА ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК

Жас басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейді. Менмендігі және өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі кейде олардың өз қарым-қабілетін жоғары деңгейде көрсетуіне кедергі келтіреді. Соған қарамастан, біз жаңа буыннан шыққан кәсіби мамандарға мүмкіндік беріп келеміз. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табады. – Тұңғыш Президенттің мемуары қоғамда қызу талқыланды. Сіз де ол кітапты оқыған шығарсыз. Көптеген шешім мен оқиғаға тікелей куә болған адам ретінде қандай әсер алдыңыз? Өзіңіздің мемуар жазатын ойыңыз бар ма? – Бұл кітап тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Кезінде бір айтқыш «Мемуарда шындықтың жартысы айтылса да, ол тарихи оқиғалардың ауқымын бағамдауға жеткілікті» деген екен. Нұрсұлтан Назарбаев – бірнеше дәуірге куә болған тарихи тұлға. Ол өз ман­сабын комсомол белсендісі ретін­де Хрущев заманында бастап, ара­да алпыс жылдан астам уақыт өткен­­нен кейін қызметтен кетті. Қазақ­стан­ның тәуелсіз мемлекет болып қалып­тасуы­на қосқан үлесін бәрі біледі. Ол – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам. Мен мемуарларды, публицистика­лық шығармаларды, саяси очерктерді әрдайым ыждағатпен оқимын. Ал сұраққа келсек, мен үшін қазіргі кезең мемуар жазып отыратын уақыт емес. – Жұрттың айтуынша, Сіз кезінде өңір басшыларына Өзіңізді ұшақтан гүлмен қарсы алуға, аста-төк дастарқан жаюға, думандатып концерт, шоу өткізуге тыйым салыпсыз. Сол рас па? – Президент ретінде алғаш рет ел аралауға шыққанымда, әкімдер салтанатты шаралар ұйымдастыруға, көл-көсір дастарқан жаюға, билбордтар орнатуға тырысты. Қазір мұның бәрі тыйылды. Мен облыстарға жұмыс бабымен ғана барамын. Уақыт өте келе жергілікті жерлерде де осындай жұмыс дағдысы қалыптасатынына сенімдімін. Халықты жинап, қыруар қаржы шығындап, салтанатты шаралар ұйымдастыру біржола тоқтатылады. – Қасым-Жомарт Кемелұлы, мазмұнды сұхбат бергеніңіз үшін рахмет айтамыз. Жаңа жылда айтулы оқиғалар көп болады деп сенеміз. Сұхбатымыздың соңында тағы бір сұрақ қояйын. 2024 жылды қалай қарсы алдыңыз? – Жаңа жыл – әрине, күнтізбе­нің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қоры­тын­ды­лап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан,Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін. Сөз соңында барша халқымызға бақ-береке тілеймін! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қастерлі Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *