ӨТІНІШ ОРЫНДАЛДЫ
Тұрғындар өтініші орындалды. Енді Шалғай Қарасу алқабындағы Целиноград көшесінің тұрғындары 37 жылдан кейін асфальтталған жолмен жұмысқа, балалар мектепке қатынайды. Бұған дейін талай айтылса да тасада қалып келген мәселесі шешімін тауып отыр.
Целиноград көшесі тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Себебі асфальттау жұмысы 80 пайызға орындалды. Жол стандартқа сай 6 см қалыңдықта төселіп жатыр.
– Қазіргі уақытта қалған бөлігі 4,5 метрді құрайды. Аяқтауға 20-25 пайызы қалды . Енді битум құйып, асфальт төсей бастаймыз,-дейді Владимир БЕСМЕРТОВ «АЯ-СЕРВИС» ЖШС ПРОРАБЫ
Осы көшенің тұрғыны Тұрсынбике Бәкірова жол мәселесі бұған дейін өте өзекті болған еді. Жел тұрса шаңнан, жаңбыр мен қар жауса балшыққа батып жүретінбіз дейді.
– Мен мұнда көшіп келгенде өте жас едім. Содан кейін біз бұл мәселеден зардап шектік. Қала әкімі мен аудан депутаты Зарина Қуатоваға шексіз алғысымызды білдіреміз. Өйткені, бір жыл бұрын хабарласқанда, олар бізді қараусыз қалдырған емес,-дейді Тұрсынбике Бәкірова, тұрғын
– Қаншама жыл топырақтың азабын тарттык. Балалардың мектепке баруы қиын болды. Біз керемет бақыттымыз. Қала әкімі мен жауапты тұлғаларға рахмет,-дейді Бекзат Ізтілеуова, тұрғын
Айта кету керек, мұнда тағы арна арқылы өтетін 4 көпір қайта жаңғыртылып жатыр. Барлық жұмыстар 2-3 күнде аяқталады, дейді мердігер компания өкілі. Келесі кезекте асфальт пен жол жиектерін нығайту, белгілер мен люктарды орнату қолға алынады.