BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАНДА БЕС ЖЫЛДА МЫҢДАҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕ АШЫЛДЫ

Қазақстанда соңғы бес жылда 1 003 жаңа медициналық мекеме ашылып, дәрігер тапшылығын азайту бағытында бірқатар шара жүзеге асырылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігерлерге деген қажеттілік 2023 жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға, ал ауылдық жерлерде 28,3 пайызға төмендеді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz», primeminister.kz сайтына сілтеп.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және медициналық білім сапасын арттыру міндеттері белгіленген. Осы бағытта медициналық инфрақұрылымды жаңарту, кадр даярлау және мамандарды қолдау жұмыстары жалғасып келеді.

Ашылған мекемелердің қатарында 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт бар. Олардың 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Сонымен бірге ғылыми медициналық орталықтар мен басқа да мамандандырылған ұйымдар ашылды.

Қазір Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың шамамен 84 мыңы – дәрігер. Жалпы практика дәрігерлері, педиатрлар, кардиологтар, хирургтер және анестезиолог-реаниматологтар әлі де сұранысқа ие мамандар қатарында.

Ауылға барған дәрігерлерді ынталандыру үшін тұрғын үй алуға бюджеттік кредит пен біржолғы жәрдемақы қарастырылған. 2025 жылы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған дәрігерлер саны 1 760 адамға жетіп, бір жылда 2,2 есе өсті. Тұрғын үймен қамтамасыз етілген мамандар саны 727 адамды құрады. Ал ауылдық жерде кемінде бес жыл жұмыс істеуге келіскен тапшы мамандық иелерінің 529-ына 8,5 миллион теңгеден көтерме жәрдемақы төленді.

Дәрігерлердің еңбегін бағалау мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы да беріліп келеді. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің құқықтық және физикалық қауіпсіздігін күшейтуге, кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді.

Медициналық білім беру жүйесінде де жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазір Қазақстанда сегіз медициналық университет, жеті көпсалалы жоғары оқу орнының факультеті және 17 ғылыми ұйым маман даярлайды. Жоғары оқу орындарында 72 мыңнан астам адам білім алса, медициналық колледждерде 110 мыңға жуық студент оқиды. Елімізде 760 медициналық білім беру бағдарламасы тіркелген.

Болашақ дәрігерлердің тәжірибелік даярлығын күшейту үшін симуляциялық орталықтар дамытылып, тәжірибелі мамандардың студенттер мен резиденттерге тәлімгерлік ету жүйесі енгізілуде. Мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде өңірлердегі кадр тапшылығы мен денсаулық сақтау саласының нақты сұранысы ескеріледі. Алғашқы медициналық көмек дәрігерлері мен педиатрларды даярлауға да басымдық берілген.

Салаға жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары да қолға алынған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде медицинадағы жасанды интеллект бағыты бойынша орталық ашылды. Қазір медициналық деректер мен эпидемиологиялық жағдайды талдап, ықтимал тәуекелдерді болжауға арналған жүйе әзірленіп жатыр.

Атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, әсіресе ауыл тұрғындарының білікті дәрігерге қол жеткізуіне жағдай жасау. Бұл ретте нәтижені жаңа мекемелердің санымен ғана емес, халықтың күнделікті өмірінде сезілетін нақты өзгерістермен бағалау маңызды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *