BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

АСТАНАДА «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ МЕДИА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕДИАФОРУМЫ ӨТТІ

Астанада журналистика мен жасанды интеллект мәселелері талқыланды. 2026 жылғы 24 қазанда «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа: шынайы ақпарат, жауапты сөз» атты республикалық медиафорум өтті, бұл туралы “Taraz 24” ақпараттфық порталы хабарлайды

Форумға бас редакторлар, журналистер, медиаменеджерлер, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер мен білім саласының өкілдері қатысты. Негізгі тақырып-жасанды интеллектің ұлттық медиаға ықпалы, редакциялардың технологиялық жаңаруы, ақпараттың шынайылығы және отандық медианың экономикалық тұрақтылығы.

Басты хабар – ЖИ заманында сенім мен жауапкершілік

Форумды ашқан Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай цифрлық дәуірде журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, сауатты жазылған мәтін, сенімді естілген дауыс пен нанымды көрінетін бейне де тексеруді қажет етеді.

Панельдік сессияда ЖИ құралдарын контент пен анимация жасауға, ақпараттың дұрыстығын тексеруге, материалдарды әртүрлі платформаларға бейімдеуге қолдану тәжірибелері талқыланды. Сонымен қатар авторлық құқық, жеке деректерді қорғау және редакциядағы адам бақылауы мәселелері көтерілді.

Фактчекинг-журналистің басты міндеті

Қатысушылар жасанды интеллект журналистің жұмысын жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге көмектесетінін, алайда үнемделген уақыттың бір бөлігін деректің дәлдігін тексеруге жұмсау қажеттігін атап өтті. Әсіресе ЖИ-дің қате мәлімет беруі, жалған ақпарат таратуы және аударма қатесі сияқты тәуекелдерге назар аударылды.

Талқылауда ЖИ ақпарат жинау, мәтінді өңдеу, контентті бірнеше форматқа бейімдеу және тарату жұмыстарын жеңілдететіні айтылды. Бұл журналистерге оқиға орнынан хабар таратуға, сұхбат алуға, зерттеу жүргізуге және деректерді терең талдауға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

Медиа мен білім – ортақ жауапкершілік

«Білім-инновация» халықаралық қорының президенті Дархан Өте «Ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасының нәтижелерін таныстырды. Жоба аясында 620 мектеп қамтылып, 7 073 мұғалім оқытылған, 484 жаңа оқу кабинеті ашылған.

Форум қатысушылары медиа мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын кеңейтіп, жастардың ақпаратты саналы қабылдау дағдыларын қалыптастыруға мән беруді ұсынды. Дерек пен пікірді ажырату, ақпарат көзін тексеру және күмәнді хабарды таратпас бұрын оның дұрыстығына көз жеткізу медиасауаттылықтың маңызды шарттары ретінде аталды.

Форум аясында «Бас редакторлар клубы» мен «Білім-инновация» қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен жобаларды іске асыруға және медиа мен білім салаларының байланысын дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ үздік медиаменеджерлер, бас редакторлар, журналистер, медиатренерлер мен баспасөз қызметінің мамандары марапатталды. Клубтың ең жоғары «АҚПАРАТ АРДАГЕРІ» медалі отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін ардагер журналист, публицист Жанболат Аупбаевқа табысталды.

Республикалық медиафорум кәсіби тәжірибе алмасуға, технологиялық жаңару мен журналистік жауапкершілікті ұштастыруға, ұлттық медианың болашағы туралы ортақ ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *