ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, агенттік қызметінің негізгі қорытындылары мен алдағы міндеттері жөнінде баяндама тыңдады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Жанат Элимановтың айтуынша, бюджет шығыстарын бақылау барысында мал шаруашылығына бөлінген 30 миллиард теңгенің тиімсіз пайдаланылу қаупі анықталған. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерциялауға арналған 10 миллиардтан аса қаражатты мақсатсыз жұмсау белгілері байқалған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталып, құрылыс саласында 5,3 миллиард теңгені заңсыз иемденбек болғандарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған.
Мемлекет басшысына алаяқтық әрекеттердің алдын алу бағытында 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғаны және банктер мен байланыс операторларының атын жамылып, арнайы құрылғылар арқылы жаппай фишингтік SMS-хабарламалар таратқан топ әшкереленгені жөнінде есеп берілді. Жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3,7 мың алаяқтық сайт пен 22 топтық чат жабылған, 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының бірінші санаттағы лицензия алуына жол берілмеген.
Сонымен қатар, қылмыстық табыстарды жылыстатуға қарсы күрес аясында дроп-карталарға қатысты 14 сотқа дейінгі тергеу басталып, олардың есепшотындағы қаржының жалпы айналымы 13 миллиард теңгеден асқан. «Көлеңкедегі» тұлғаларға тіркелген 68 мыңнан астам карта бұғатталған. Жалған компаниялар мен құжаттарды пайдалану бойынша 23 іс қозғалып, келтірілген залал шамамен 13 миллиард теңгені құраған. Қаржылық пирамидалар, онлайн-казино және алаяқтықтан түскен табысты жылыстатумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметінің жолы кесілді. Криптовалютаны заңсыз айырбастауға арналған 483 сілтеме жойылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы агенттікке негізгі бағыттар бойынша нақты тапсырмалар берді.

