ПРЕЗИДЕНТ «БӘЙТЕРЕК» ХОЛДИНГІНІҢ БАСШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдап, холдингтің қазіргі жұмысы мен алдағы даму жоспарымен танысты, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды. Сондай-ақ инвестициялық және несие қоржынының көлемі бүгінде 14,3 триллион теңгеге жеткені, ал алдағы уақытта оны 16,5 триллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отырғаны айтылды. Холдингтің жыл сайынғы таза пайдасы 400 миллиард теңгеден асады деген болжам бар.
Рустам Қарағойшиннің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысында холдингтің қолдауымен 77,5 мың отбасы баспаналы болған. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 11,6 мың отбасы бар.
Былтыр холдинг 77 ірі инвестициялық жобаны және шағын әрі орта бизнеске арналған 27,4 мың жобаны қаржыландырған. Сонымен қатар экспортқа өнім шығаратын 131 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Ал көктемгі егіс науқанына дайындық кезінде 7,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 11,4 мың техниканы лизинг арқылы алды.
Кездесуде «Бәйтерек» холдингінің жаңа ұзақмерзімді даму стратегиясына да тоқталды. Жаңа құжат активтерді тиімді басқаруға, кәсіпкерлікті қолдауға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған инвестициялық холдинг үлгісіне кезең-кезеңімен көшуді көздейді.
Сондай-ақ Президентке жүзеге асырылып жатқан бірқатар инвестициялық жобалардың барысы таныстырылды. Жыл соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыру, экспорттық әлеуетті күшейту және инфрақұрылымды дамытуға арналған 26 жобаны ұсыну жоспарланған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді инвестиция тартудың маңызын атап өтті. Президент шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін одан әрі күшейтуді, сондай-ақ халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруды тапсырды.

