BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ТАРАЗДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Тараз қаласында мектеп оқушыларына арналған есірткіге қарсы профилактикалық кездесу өтті. Шараны Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды. Кездесу Тұрар Рысқұлов атындағы №48 орта мектепте өтті – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Жиынға халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Полиция Барысы» атағының иегері, Азияның екі дүркін чемпионы, 2007 жылғы Қазақстан чемпионы Бегімхан Әділбеков арнайы шақырылды.

Полиция майоры оқушыларға қызмет жолы мен спорттағы тәжірибесі туралы әңгімеледі. Ол табандылық пен тәртіптің адам өміріндегі рөліне тоқталып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын атап өтті. Зиянды әдеттерден бас тарту – болашаққа жасалған дұрыс қадам екенін жеткізді.

Басқарма қызметкерлері есірткінің ағзаға тигізер зиянын түсіндіріп, заңсыз айналымға байланысты қарастырылған қылмыстық жауапкершілік жөнінде ақпарат берді. Кездесу барысында оқушылар өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Шара аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің кинологиялық қызметі көрсетілім ұйымдастырды. Қызметтік иттер тыйым салынған заттарды анықтау тәсілдерін көрсетті.

Сонымен қатар нашақорлықтың алдын алуға бағытталған бейнематериалдар ұсынылды.

Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *