BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ТОҚАЕВ МҰСЫЛМАН АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ БАС ХАТШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің және шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығының Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесу өткізді. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде Президент халықаралық деңгейде беделі жоғары Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Қазақстанда жүзеге асырып жатқан жобалары мен бастамаларына қолдау білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ислам дінінің толеранттылықты, бейбіт қатар өмір сүруді және гуманизм қағидаттарын нығайтудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бұл ұстанымдар еліміздің жүргізіп отырған саясатымен үйлеседі.

Мемлекет басшысы Кеңестің Орталық Азиядағы алғашқы өкілдігі Қазақстанда ашылғанын атап өтті.

Президент шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығы халықаралық деңгейде бірлік пен жауапкершілік құндылықтарын насихаттайтын беделді марапаттардың біріне айналғанын айтты. Сондай-ақ бұл бастама жаһандық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етіп отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде Мұхаммед Әбделсалам көрсетілген құрмет үшін алғыс білдірді. Ол Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне белсенді қатысуды жалғастыратынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Бас хатшы биылғы шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығы Әзербайжан мен Арменияға табысталғанын айтты. Оның сөзінше, екі ел арасындағы бейбіт келісім үдерісіне Қазақстан елеулі үлес қосқан.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Кеңес Президенті, Әл-Азһардың бас имамы шейх Ахмед ат-Тайебке ізгі тілегін жолдады.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен Мұхаммед Әбделсалам конфессияаралық диалогты дамытуға және гуманитарлық құндылықтарды ілгерілетуге қосқан үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен наградталды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *