ПРЕЗИДЕНТ АЗИЯ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР БАНКІНІҢ БАСШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу Цзяимен кездесті. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президент аталған қаржы ұйымы Қазақстан үшін негізгі стратегиялық серіктестердің бірі екенін айтты. Банк елдегі инфрақұрылым мен инвестицияға бағытталған басым жобаларға тұрақты түрде қатысып келеді.
Мемлекет басшысы осы күні бекітілген серіктестік жөніндегі негіздемелік келісімнің маңызын атап өтті. Оның сөзінше, құжат экономиканың орнықты дамуына және өңіраралық байланысты күшейтуге жол ашады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Цзоу Цзяиді жаңа қызметімен құттықтады.
Президент Қазақстан мен банк арасында жалпы құны 2,6 миллиард доллардан асатын тоғыз жоба жүзеге асып жатқанын жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Өз кезегінде Цзоу Цзяи банк Қазақстандағы энергетика, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы бірқатар ірі бастамаларға қолдау білдіргенін айтты. Ол акционер мемлекеттердің сеніміне ризашылығын білдіріп, қаржы ұйымын заман талабына сай дамытуды жалғастыратынын жеткізді.
Тараптар алдағы кезеңде бірлескен жұмысты кеңейтуге мүмкіндік мол екеніне назар аударды. Қазақстан инфрақұрылымды жаңарту бойынша ірі жоспарларды қолға алмақ. Банк бұл бастамаларға қатысуға дайын екенін растады.
Қазір Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Көкшетаудағы көпбейінді аурухана құрылысына, қуаты 220 мегаватт болатын жел электр стансасына, Жезқазған – Қарағанды және Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын тасжолдарының бөліктеріне, сондай-ақ Алматыны айналып өтетін теміржол желісіне қаржы бөліп отыр.
