ТОҚАЕВ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУДЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРМЕН ДАМЫТУДЫ ТАПСЫРДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуын жеделдету үшін геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі жаңарту қажеттігін айтты. Президент жер қойнауын заманауи технологиялар арқылы зерттеп, маңызды металдардың қорын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін ұлттық жүйе құруды тапсырды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz».
Президенттің айтуынша, Қазақстанның минералдық ресурстарға бай болуы – ел үшін стратегиялық артықшылық. Алайда табиғи байлықты тиімді игеру үшін бұрынғы әдістерге сүйену жеткіліксіз. Геология саласына заманауи технологияларды кеңінен енгізіп, жаңа кен орындарын анықтауға басымдық беру қажет.
Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жер қойнауын зерттеу кезінде озық технологияларды қолданумен қатар, геологиялық деректердің ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа кен орындарын іздеу мен барлау жұмыстарына жеке инвестицияларды белсенді тарту қажеттігін айтты.
Президент ерекше маңызды металдардың халықаралық нарықтағы рөлі артып келе жатқанына да назар аударды. Осыған байланысты Қазақстанда мұндай металдардың қорын тиімді басқаруға арналған ұлттық жүйе құру ұсынылды. Оның аясында тау-кен саласындағы жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер қарастырылуға тиіс.
Бұдан бөлек, осы бағытта жұмыс істейтін отандық кәсіпорындардың өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыру үшін оффтейк-келісімшарттар жасау мәселесі көтерілді. Мұндай келісімдер өнімді алдын ала келісілген шарттармен сатып алуға мүмкіндік беріп, кәсіпорындардың өндірістік жобаларын жоспарлауына қолайлы жағдай туғызады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке аталған мәселелерді кәсіпкерлермен бірлесіп талқылап, жыл соңына дейін нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бұл бастамалар Қазақстанның минералдық ресурстарын тиімді пайдалануға, геологиялық барлау саласына инвестиция тартуға және елдің технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.

