Атырауда институт бас лицензиясынан айырылды

Атырау инженерлік-гуманитарлық институты бас лицензиясынан айырылды

Мұндай шешімді Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығарып отыр. ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті жоғары оқу орнының жұмысындағы көптеген заңбұзушылықты анықтаған.

ЖОО-да білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелері, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптары, сондай-ақ біліктілік талаптары сақталмаған.

«Оқу орнын тексеру барысында көптеген заңбұзушылық анықталды. Мысалы, оқытушылардың бір уақытта әртүрлі тілде оқытатын екі түрлі топта сабақ өткізу деректері жолықты. Бірақ мұғалімдердің оқу жүктемесінде әр топ бойынша аудиториялық сабақтар бөлек есептелген. Одан бөлек, кейбір сабақтар мүлдем өткізілмеген. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және бекіту кезінде заңбұзушылықтарға жол берілген. Сонымен бірге Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенттерді оқытқан білім беру бағдарламалары ҚР БҒМ тізіліміне енгізілген бағдарламаларға сәйкес келмейді. Нәтижесінде студенттер оқу пәндерін толық меңгермеген. Сондай-ақ оқу процесі сапалы профессорлық-оқытушылық кадрмен қамтамасыз етілмеген», – дейді білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова.

Тексеру Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында сапаны қамтамасыз етудің ішкі жүйесі мен қажетті материалдық-техникалық базаның жоқтығын көрсеткен. Бірқатар білім беру бағдарламасы бойынша оқу, әдістемелік және ғылыми әдебиеттер жоқ, яғни студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасалмаған. Мұны тест тапсырған студенттердің білім нәтижелері растаған, яғни институт студенттерінің 90 пайызы шекті балды жинай алмағаны мәлімделуде.

Айта кетейік, үлгілік қағидалардың нормаларына сәйкес студенттер оқу орны лицензиясынан айырылған сәттен бастап оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ға ауысуға құқылы.

ulysmedia.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published.