Жамбылдықтар Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтті
Жамбыл облысында Наурыз мерекесі дәстүрлі түрде ұлттық ойындармен, түрлі қойылымдар және қызықты концерттік бағдарламалармен аталып өтілді.
Тараздықтар «Төрткүл» керуен-сарайына жиналып, мерекеге орай ұлттық киімдер киіп, көктемгі жаңа жылды жоғары көңіл күймен қарсы алды.
Мұнда халық қолөнерінің көрмесі ұйымдастырылды. Балалар ұлттық ойындар (асық ату, тоғыз құмалақ, күрес) бойынша жарысқа түсіп, күш сынасты.
Сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев зиялы қауым өкілдері, ардагерлермен бірге ағаш көшетін отырғызу акциясына қатысты.
Мерекелік шара барысында «Төрткүл» керуен-сарайынан «Наурыз-көш» атты этно-керуен жолға шығып, қала көшелерін аралады. Керуеншілер балаларға тәттілер таратты.
Бұл күнгі мерекелік іс-шаралар тұрғын үйлердің аулаларында да ұйымдастырылды. Талас шағын ауданындағы №29 үйдің тұрғындары музыкалық қойылымдар әзірлеп, спорттық жарыстар өткізді, барлық қонақтарға бауырсақ пен наурыз көже үлестірді. Шағын аудан тұрғындарын облыс әкімі мерекемен құттықтады.