3 миллиардтан астам теңгені иемденген: “Индиго” 2 қаржы пирамидасының ісі сотқа кетті
Түркістан облысында “Индиго 24”-“Evolution Corpоration” қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қатысты қылмыстық іс айыптау актісімен бірге сотқа жіберілді. Өңірдің полиция департаментінің мәліметінше, 2020 жылдың жазынан бастап республиканың ішкі істер органдарына “Индиго 24” қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түсе бастаған болатын. Олар негізінен Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары.
Жәбірленушілер саны 2 мыңнан астам азаматты құрады.
“Азаматтардың арыздары ҚР ҚК-нің 190-бабы “Алаяқтық” және 217-бабы “Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қылмыстық іс аясында қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстады. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары секілді үш мегаполистің және Түркістан облысының тұрғындары. Тағы 1 күдіктіге іздеу жарияланды. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді”, – делінген ПД ақпаратында.
Жасалған қылмыстың ауқымын ескере отырып, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Түркістан облысының Полиция департаменті базасында еліміздің 5 өңірінен 30 тергеуші енген тергеу тобы құрылды. Бұл топты Түркістан облысының тәжірибелі тергеушілерінің бірі – полиция майоры Алтынай Жолымбекова басқарды.