BASTY BETJAŃALYQTAR

«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ»

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Копдикбаев Болат Исаханұлымен мемлекеттік қызметтің дамуы, кадр резервтері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар тақырыбында сұхбат өткіздік, деп хабарлайды Taraz24`news.kz.

Мемлекеттік қызметті дамыту жоспары бар ма?
– Еліміздің Президенті мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын 2024–2029 жылдарға бекітті. Бұл құжат мемлекеттік қызметті кәсібилендіруді, мансаптық және позициялық модельдердің үздік тәжірибесін біріктіруді, кадрларды тікелей іздеуді және конкурстық тәсілдерді тиімді үйлестіруді қарастырады. Қызметкерлер оқу және тағылымдама бағдарламаларына белсенді қатысуға ынталандырылып, кәсіби өсуге қолдау көрсетіледі. Жалақы олардың кәсіби жетістіктері мен өзін-өзі дамытуға ұмтылығына байланысты белгіленеді.

Президенттік және өңірлік кадрлық резервтер туралы
– 2019 жылы Президенттік жастар кадрлық резерві құрылып, 2021, 2023 және 2025 жылдары өз жалғасын тапты. Бүгінде іріктеуден өткен талантты жастар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда қызмет атқарады. 2024 жылдан өңірлік кадрлық резерв енгізіліп, 26 резервшінің 18-і тиісті мемлекеттік лауазымдарға орналасты.

Мемлекеттік қызмет көрсету және сапа көрсеткіштері
– Жамбыл облысында 373 мемлекеттік қызмет көрсетіледі: 197 қызмет орталық органдарға, 176 – жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. 2025 жылы 14 484 695 қызмет көрсетіліп, электронды түрде 98,01% (14 196 617) қызмет берілген. Баламалы қағаз нысанда 1,8% қызмет көрсетілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда оң динамика.

Бақылау шаралары және құқықтарды қалпына келтіру
– 2025 жылы 30 бақылау жұмысы жүргізіліп, 13 067 заң бұзушылық анықталды. Мониторинг арқылы 5 845 бұзушылық тіркеліп, мемлекеттік органдарға ұсынымдар жолданды, 136 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы 731 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары және жұмыс режимі
– 44 тексеру жүргізіліп, 471 фактісі анықталды, 61 азаматтың құқықтары қорғалды, 18 қызметші тәртіптік жазаларға тартылды. Өстеме жұмысқа тартылған қызметшілерге 22 сағаттан астам демалыс берілді, ал қашықтықтан мониторинг нәтижесінде 247 қызметшіге 357 сағаттан астам қосымша демалыс ұсынылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар
– 2025 жылы Агенттікке сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру функциялары берілді. 2025 жылы 202 іс-шара өткізіліп, 14 300-ден астам азамат қамтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамда төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған. Бұл шаралар мемлекеттік органдардағы тәуекелдерді азайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қорытынды
– Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, қызметшілер мен азаматтардың құқықтарын қорғау, кадрларды даярлау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында департамент жүйелі жұмыс жүргізуде.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *