МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛДЫ
Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғау мәселелері «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады, деп хабарлайды Taraz24`news.kz.
Мемлекеттік қызметшілер еңбекті, денсаулықты қорғауға, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеуге, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқылы. Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті осы құқықтарды қорғау және қалпына келтіру бағытында тұрақты жұмыс жүргізеді.
2025 жылы департамент бақылау шараларының нәтижесінде 61 азаматтың (56 мемлекеттік қызметші, 5 жеке тұлға) құқықтары қорғалды. Мысалы, қызметтік іссапар шығындарының уақтылы өтелмеуі жағдайында мемлекеттік қызметшілерге өсімпұлдар төленді – жалпы 213 қызметшіге 372 233 теңге сомасында тиісті төлемдер жасалды.
Сонымен қатар, еңбек заңнамасында үстеме жұмысқа тартылған қызметшілерге демалыс сағаттарын беру қарастырылған. Мониторинг нәтижесінде жұмыс уақыты режимін бұзған 15 қызметшіге 22 сағаттан астам демалыс берілген, ал «Е-қызмет» жүйесі арқылы қашықтықтан жүргізілген бақылауда 247 қызметшіге 357 сағаттан астам қосымша демалыс беріліп, құқықтары қалпына келтірілді.
Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту мәселесі қаралып, мемлекеттік органдарға 15 ұсыным енгізілді. Сондай-ақ, конкурстар мен іріктеу қағидаларын бұзу фактілері анықталып, нәтижелері жойылып, шағым иелерінің құқықтары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша талдау нәтижесінде 33 қызметші тиісті курстардан өтті. Тәртіптік комиссия жұмысына жүргізілген талдаудың нәтижесінде 2 заңсыз тәртіптік жазаның күштері жойылды.
Осылайша, департамент мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мен қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

